г. Алматы, проспект Жибек Жолы 128/23

Алматыда Балаларды қорғау күніне орай тегін медициналық тексерулер мен кеңестер өтеді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматыдағы барлық медициналық мекемеде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және түрлі аурулардың алдын алуға арналған ашық есік күндері өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына педиатр, стоматолог, травматолог, инфекционист, невропатолог, ЛОР дәрігері, акушер-гинеколог және өзге де салалық мамандар тегін кеңес береді. Іс-шараларға жетекші сарапшылар, ғылыми қызметкерлер және штаттан тыс бас мамандар қатысады.

Сонымен қатар, қаладағы медициналық ұйымдарда профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған пікір алмасу алаңдары, сурет байқаулары мен мәдени-көпшілік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл бастамаға салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да атсалысады.

Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін кеңестік көмектің қолжетімділігі кеңейтіліп, ерекше қажеттілігі бар балаларға үй жағдайында көшпелі медициналық тексерулер жүргізіледі.

Іс-шаралардың басты мақсаты — балалар мен жастар арасында физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулыққа қарау мәдениетін қалыптастыру.

Ашық есік күндерінің толық бағдарламасымен тұрғындар Алматыдағы медициналық ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан, сондай-ақ емдеуші дәрігерлерінен біле алады.