Туберкулез — бұл жұқпалы ауру, ол халық арасында “чахотка” (көкірек ауруы) деген атпен де белгілі. Адамзат бұл дертпен жүздеген жылдар бойы ауырып келеді. Ауруды туберкулез микобактериялары деп аталатын бактериялар қоздырады.
Туберкулез адамның барлық мүшелерін зақымдауы мүмкін, бірақ ең жиі кездесетіні — өкпе туберкулезі.
Ауру қалай жұғады?
Туберкулез қоздырғыштары ауа арқылы таралады. Өкпе туберкулезімен ауыратын адам жөтелгенде немесе түшкіргенде, сілекей тамшыларымен бірге ауаға көп мөлшерде микобактериялар бөлінеді. Қасындағы адамдар осы ластанған ауаны жұтқан кезде инфекция жұғуы мүмкін.
Туберкулез қаншалықты жиі кездеседі?
Жер шары халқының 1/3 бөлігі туберкулез микобактерияларын жұқтырған.
Жыл сайын әлемде 8-ден 10 миллионға дейін адам осы дертке шалдығып, 1,5-тен 2 миллионға дейін адам қайтыс болады.
Қазақстанда жыл сайын 9 мыңнан астам адам ауырады.
Диагностика және емдеу
Туберкулездің таралуын азайтудың ең тиімді жолы — ауруды тез арада анықтау және әрбір науқасты толық емдеп шығу!
Маңызды: Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай туберкулезді ерте диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістері енгізілген.
Туберкулезге қатысты барлық тексерулер мен емдеу шаралары ТЕГІН жүргізіледі!